Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдаушы отбасының кәмелетке толған мүшелерінің келісімімен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйді осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы.
Егер сіз тұрғын үйді алсаңыз және мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымның қызметкері, әскери қызметкер, ғарышкер (ғарышкерлікке үміткерлер) немесе мемлекеттік сайлау лауазымын атқаратын болып табылсаңыз, онда қалдық құны бойынша тұрғын үйді жекешелендіре аласыз.
Егер бюджеттік ұйымдарда немесе кәсіпорындарда мемлекеттік қызметте он жылдан кем емес жұмыс істесеңіз, сондай-ақ еңбек қатынастары төмендегі негіздер бойынша тоқтатылса жұмыс мерзіміне қарамастан сіз тұрғын үйді жекешелендіру құқығына ие боласыз (Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларының 3-тармағы бойынша):
- ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
- одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
- зейнеткерлікке шығуына байланысты
Ғарышкерлікке үміткерлер, ғарыш қызметі саласында он бес жылдан артық жұмыс өтілі бар үміткерлер тұрғын үйді ақысыз жекешелендіреді.
Қызметтікке теңестірілген тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болғанның (қаза болғанның) жұмыс істеген уақытына қарамастан отбасы мүшелеріне ауысады.
Егер қызметтік тұрғын үй сізге жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысушы ретінде берілсе, онда оны қалдық құны бойынша қызметтік тұрғын үйде бес жылдан кем емес уақыт тұрғанда жекешелендіруге болады.
Егер сіз 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап күнтізбелік есептеуде он жыл және одан да артық әскери қызметте тұрсаңыз, онда қызметтік тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылысыз. Ал егер осы күні сіздің шотыңызда он бес жылдан артық қызмет болса, онда әскери қызметтің күнтізбелік есептеуіндегі жиырма жыл әскери қызметтен кейін қызметтік тұрғын үйді ақысыз жекешелендіру құқығына ие боласыз. (Осы сілтеме бойынша сіз әскери қызметкерлерге арналған барлық жеңілдіктер туралы біле аласыз).